Ссылки доступа

Душанбеде шекара бойынша тәжік-қырғыз келіссөздері өтуде


Қазанның 21-і, таңертең Душанбеде шекара мәселелері бойынша тәжік-қырғыз комиссиясының отырысы басталды.

Тәжік делегациясына үкімет төрағасының орынбасары Азим Иброхим, ал қырғыз тарабына оның әріптесі, вице-премьер Абдырахман Маматалиев басшылық етуде.

Келіссөздерге жақын дерек көзі Озоди Радиосына комиссия жұмысы қазанның 23-не дейін созылатынын хабарлады. Оның айтуынша, отырыста көтерілетін ең басты мәселенің бірі Тәжікстанның Соғды және Қырғызстанның Баткен облыстары шектесетін шекаралық аумақта жолдар мен көпір салу жағы болмақ.

Күні бүгінге дейін 976 шақырымға созылған тәжік-қырғыз шекарасының тек 504 шақырымы бойынша орта мәмілеге келген. Шекараның қалған даулы бөлігіне қатысты келіссөздер әлі жүріп жатыр.

Қырғыз тарабы екі ел арасындағы шекараны 1989 жылғы картамен белгілеуді ұсынады. Тәжікстан екі республика құрылған 1924 жылғы картаға сүйенеді. Нәтижесінде қос тарап 2006 жылдан бері ортақ мәмілеге келе алмай отыр.

Қырғызстан Тәжікстанның 2,5 мың гектарға жуық аумағын өзіне тиесілі санайды. Душанбе Кеңес Одағы кезінде «дос және бауырмал» республикалар арасындағы келісім бойынша Қырғызстанға жалға 143 мың гектар жайылым және егістік жерін беріп жібергенін алға тартады.

XS
SM
MD
LG