Ссылки доступа

Алматыда борышкерлер наразылық танытты


Алматыда бүгін ипотекалық несиемен үй алдық деген 30 шақты борышкер ұлттық банк алдында наразылық танытты.

Акцияға қатысушы "Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының мүшесі Гүлжамал Айтмұхаметова банктен ипотекалық несиемен алған үйлердің қарызын қайта қаржыландыру бағдарламасы аяқталмайынша борышкерлерді үйлерінен күштеп шығармауды талап етеді.

- Проблемалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы аяқталып болмайынша борышкерлерді үйлерінен шығаруды тоқтатсын. Борышкерлер бағдарлама бойынша ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыруға құжат тапсырып қойған. Соған қарамастан сот орындаушылар қарызын төлемеген борышкерлерді күштеп үйлерінен шығарып жатыр. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге сотқа қарыздарын өндіру жөнінде талап-шағым беруді тоқтатсын деген бұйрық беруі тиіс, бірақ бермей отыр, - деді Айтмұхаметова.

Борышкерлерен кездесуге шыққан ұлттық банктің тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев банктердің бағдарлама жүріп жатқанда борышкерлерді үйлерінен шығаруы заңсыз екенін ғана айтып, наразылардың тарауын сұраған.

Биыл ақпанда президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық банкке үкіметпен бірлесіп ипотекалық тұрғын үй бойынша қарызын өтей алмай жүргендердің мәселесін шешуді тапсырған. Бұдан соң ұлттық банк проблемалық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру үшін 130 миллиард теңге қаржы бөлген. Үкіметтің ақпараты бойынша, 1 қарашаға дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысуға 11 мың өтініш түскен. Оның 6 мыңы бойынша несиені қайта қаржыландыру туралы оң шешім шыққан.

XS
SM
MD
LG