Ссылки доступа

Адам құқықтарын қорғауға арналған фильмдер фестивалінің жеңімпаздары анықталды


Бішкекте адам құқықтарын қорғауға арналған деректі фильмдердің «БирДуйно – Fest 2015» фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды.

Бұл туралы «Бирдуйно - Қырғызстан» құқық қорғау қозғалысының сайтында жарияланды.

Фестивальдің «Гран-Приі» ресейлік кинорежиссер Настя Тарасованың туғанынан жүрек дертіне шалдыққан кішкентай бала туралы «Линар» фильміне бұйырды. Ресейде балаларға адам ағзасын ауыстыру операциясын жасауға тиым салынғандықтан, фильм кейіпкеріне жүректі бөтен елден іздеуіне тура келеді.

«Әйелдер құқығын қорғау бойынша үздік фильм» ретінде Иран режиссері Айат Наджафидың «Ғажап ән» туындысы танылды. Фильм Иранда әйелдердің ән айтуына салынған тиым туралы әңгімелейді.

Германиядан келген Феликс Шварцтың чилилік оқушылар мен студенттердің білім жүйесін жекешелендіруге қарсы ұйымдастырған қозғалысы туралы «Альенденің немерелері» фильмі «Балалар құқығын қорғау туралы үздік фильм» жүлдесін жеңіп алды.

Әділқазы алқасы арнайы сыйлығын «Наданың революциясы» фильмі үшін нидерландылық Клаудия Лисбоаға тапсырды. Туынды төңкерісті басынан өткерген және дәстүр мен жаңашылдықты таңдау қиындығына тап болған елдің жағдайын баяндайды.

Мьянмадан келген Сейн Лиан Тюнның балалар еңбегі жайлы «Күйген кірпіш» кинотуындысы көрермен көзайымы сыйлығына ие болды.

XS
SM
MD
LG