Ссылки доступа

Өзбек имамына қастандық жасаған адам 18 жылға сотталды


Швецияның Эстерсунд қаласының соты Юрий Жуковскийге тағылған «имам Обид Назаровты өлтірмек болды» деген айып дәлелденді деп тапты.

Назаровтың өзі 2012 жылы ақпанның 22-де болған қастандықтан әлі ес жия алмай жатыр. Стромсунд қаласындағы үйінің кіре берісінде Назаровтың басынан оқ тиген еді.

Швед прокуроры Кристер Петерсон қастандыққа Ташкент режимі тапсырыс бергендіктен, Жуковскийді өмір бойына түрмеге қамауды талап етті.

2006 жылы Швецияда саяси баспанаға ие болған, Ислам Каримов билігін сынаушы, өзбек имамы Обид Назаровқа қастандық жасады деген күдікпен Ресейде ұсталған Юрий Жуковский Швецияға тамыздың 25-і күні әкелінді.

Мәскеуде ұсталған сәтінде, Жуковский мән-жайды түгел полицияға айтып бергенімен, кейінірек өз куәлігін өзгертті. Ол барлық жай туралы ашық айта алмайтынын мәлімдеді. Өзбек билігі қастандық пен сот ісіне байланысты ешқандай түсініктеме бермей отыр.

XS
SM
MD
LG