Ссылки доступа

Путин қызының ММУ қорымен айналысатыны туралы сұраққа жауап бермеді


Ресей президенті Владимир Путин бейсенбіде Мәскеуде журналистермен тілдесу кезінде Ломоносов атындағы ММУ жанындағы «Инопрактика» жобасының жетекшісі Екатерина Тихонова «сіздің қызыңыз ба?»,- деген сауалға жауап бермеді.

Путин «Инопрактика» жобасы унверситет ректорының жақсы бастамасы екенін айтты. «Қыздарымның нақты қай жерде жұмыс істейтіні, немен айналысатыны жайлы ешқашан айтқан емеспін, қазір де айтпаймын. Оның себебі көп, бұл қауіпсіздік мәселесіне де байланысты»,-деді президент. Ол қыздарының Ресейде тұратынын және «ешқашан, ешқайда тұрақты тұруға кетпегенін» айтты.

«Олар Ресейден бөлек еш жерде жұмыс істемеді, білім алмады, олар тек ресейлік жоғарғы оқу орындарында оқыды»,-деді Путин.

Ресей президенті сонымен бірге, балаларының үш шет тілін білетінін жеткізді. Қыздарын мақтан тұтатынын айта келе, Путин: «Олар бизнеспен және саясатпен айналыспайды, ешқайда тұмсығын сұқпайды. Қыздарым өз мәнсаптарында алғашқы қадамдарын жасауда, қазірдің өзінде жетістікке жетуде»,- деді.

Әлеуметтік желілерде пікір қалдырғандарың көпшілігі Путиннің жауабы Тихонова соның қызы екенін жанама түрде дәлелдеді деген қорытынды жасады.

Бұған дейін БАҚ беттерінде Путиннің кіші қызы Катеринаның фамилиясын Тихоноваға өзгерткені туралы және ММУ жанындағы ғылыми кластер -"Иннопрактика" компаниясына жетекшілік ететіні жайлы жазылғанымен, ресми түрде ешкім бұл деректі қуаттамаған болатын.

XS
SM
MD
LG