Ссылки доступа

Қазақстанда спорт клубтарының бюджетін қысқартып жатыр


Футболдан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері «Қайрат» командасына, оның басты демеушісі «ҚазРосГаз» 2016 жылы қаржы бөлмеу жөнінде шешім қабылдаған.

«Қайрат» басшылары бұл ақпаратты растайды. Олар басқа демеуші іздеп жатқандарын айтады. «ҚазРосГаз» компаниясы осыған дейін «Қайраттың» бюджетінің 70 процентін жауып келген. Ал қалған 30 процентін Алматы қаласының әкімдігі жапқан.

Атырау облысы әкімдігі болса, жергілікті «Атырау» командасына 531 миллион теңге бөлетінін хабарлаған. Бұл қаржы алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда қысқарған.

«Шахтер» қарағандылық тобының атқарушы директоры Владимир Нидергаус клубты қаржыландыру экономикалық жағдайға байланысты қысқартылып жатқанын мәлімдеді.

Қостанайлық «Тобыл» тобының директоры Талғат Баймұратов та бюджеттерінің қайта қаралып жатқанын айтты.

Алдын Олимпиядалық комитеттің президенті Тимур Құлыбаев жыл сайын облыстарға спортқа 3-4 миллиард теңге қаржы бөлінетінін мәлімдеген. Астана және Алматы қалаларына 5-6 миллиард теңге бөлінеді, оның көп бөлігі футболға жұмсалады деген Тимур Құлыбаев.

«Самұрық-Қазына» қорының атқарушы директоры Дархан Қалетаевтың сөздеріне қарағанда, екі рет қатарынан Қазақстан чемпион болған «Астана» клубына 2016 жылы да үлкен жетістікке жету үшін 45 миллион доллар қажет. Нақты шешім келер жылы қабылданады деді Қалетаев.

XS
SM
MD
LG