Ссылки доступа

Прокурор Байдалинованы кепілге босатуға қарсы болды


Алматының Алмалы аудандық прокуратурасы қалалық сотқа Алмалы аудандық сотының журналист, оппозициялық Nakanune.kz сайтының иесі Гузяль Байдалинованы кепілге босату туралы қаулысына қарсылық білдірді.

29 желтоқсан күні кешке шығарылған қарсылық білдіру құжатын Байдалинованың адвокаты Инесса Киселева алған. Прокуратура қарсылық білдіргендіктен Алматыда тергеу абақтысында қамауда отырған Байдалинова енді кепілге босап шыға алмайды.

Гузяль Байдалинова өткен сенбіде Алмалы аудандық сотының шешімімен тергеу аясында қамауға алынған. Бірақ сот егер үш күн ішінде прокуратура тарапынан қарсылық болмаса Байдалинованы туысының үйін кепілге қойып, босап шығуына рұқсат берген.

Гузяль Байдалинова 23 желтоқсанда Nakanune.kz сайтына «тапсырыс бойынша» материал әзірлеп, жариялауға қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Биыл мамыр айында Алматының Медеу аудандық соты «Казкоммерцбанктің» талап-арызын қанағаттандырып, Гузяль Байдалинованы банкке 20 миллион теңге төлеуге және Nakanune.kz сайтын банк «іскерлік беделге нұқсан келтірді» деп санайтын мақаланы алып тастауға міндеттейтін шешім шығарған. Бұл іс бойынша оппозициялық Nakanune.kz сайтының журналисі Рафаэль Балгин үш айға қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG