Ссылки доступа

Қырғызстанда шұжықты мазақтаған австралиялық ұсталды


Бішкектегі «Манас» әуежайында бұған дейін Facebookтегі парақшасында қырғыздың шұжық тағамын жылқының жыныс мүшесіне теңеген "Құмтөр" компаниясының австралиялық қызметкері Майкл Макфит ұсталды.

Бұл туралы Қырғызстан тау-кен-металлургиялық кәсіподақтары орталық комитетінің төрағасы Эльдар Таджибаев хабарлады. Оның сөзінше, ұсталған азаматтың жаңа жыл қарсаңындағы жазбасы жергілікті жұмысшылардың жаппай ашу-ызасын келтіріпті. Қазір Қырғызстан азаматтарының ар-намысын қорғау туралы шағым беру мәселесі қарастырылуда.

Кәсіподақ басшысы Макфиттың әрекеті ұлттық, нәсілшілдік, діни немесе аймақаралық өшпенділікті қоздыру, ұлттың намысына тию және адамдардың дінге, ұлтқа, нәсілге байланысты айырмашылықтары мен артықшылықтарын насихаттауға байланысты жаза қарастыратын Қылмыстық кодекстің 299 бабына сай келетінін мәлімдеді. Егер бұл істер жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жасалса, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Макфит Қырғызстан азаматтарынан Facebook арқылы кешірім сұрағанымен, оның ісі Қарақол қаласының прокуратурасына тапсырылды.

XS
SM
MD
LG