Ссылки доступа

ИМ тұзағына түскен тәжіктер саны кеміген


Ирак пен Сириядағы «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының қатарына қосылған тәжікстандықтардың саны азая бастаған.

«ИМ»-ге мүше болған тәжік азаматтарының жалпы саны шамамен 500-ге жетеді. Мәселен Қырғызстанмен шекаралас Соғды облысында 110 адам топтың ықпалына түскен.

Бұл жағынан бірінші орында Исфара ауданы алда тұр, екінші орында 37 тұрғыны Сирияға соғысуға кеткен Спитамен ауданы тұр.

Спитамен ауданында жергілікті билік лаңкестердің азғыруына түспеуі үшін жергілікті халықтың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аудан басшысы Ориф Кодирзода содырлардың ықпалына бірінші кезекте тұрмысы төмен отбасынан шыққандардың түсетінін атап көрсетті. Кедей азаматтардың дені Ресейге табыс табуға кетеді, сол жерде лаңкестердің үгіт-насихатшыларының қолына түседі.

Дегенмен бұл өңірден соңғы рет адамдар Сирияға екі жыл бұрын кеткен, қазір ондай оқиғалар сиреді.

Орталық Азияның өзге елдері секілді Тәжікстан билігі де 2015 жылы Сирияға кететін еріктілердің жолын кесу мен радикалды экстремистермен күресуді мықтап қолға алған.

Өз-өзін жариялаған «Ислам мемлекеті» 2013 жылы Сирияның Ракка қаласында пайда болды. Құрамына 11 басқа топ кіретін қозғалыс 2006 жылы құрылған, «Ирак ислам мемлекетінің» мұрагері саналады.

XS
SM
MD
LG