Ссылки доступа

«Тұран экспресс» жолаушы тасымалдау компаниясы Байқоңыр ғарыш айлағына поезд бағытын ұйымдастырды.

Компания таратқан хабарға қарағанда, үш күндік сапар барысында Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз» зымыран тасығышының қалай ұшатынын көруге, «Қорқыт-ата» мемориалдық кешеніне тәу етуге, «Байқоңыр» мұражайын тамашалуға болады. Туристерді Алматы — Тараз — Шымкент — Қызылорда — Байқоңыр (Төретам стансасы) поезы алып жүреді.

Биыл ғарыш айлағынан 6 зымыран ұшыру көзделген, келесісі наурыздың 19-на белгіленген. Құрамына ғарыш айлағымен бірге, қала да кіретін «Байқоңыр» кешені - жабық нысан. Былтырға дейін қазақстандықтар Байқоңырға баруға рұқсатты 30 күн, ал шетелдіктер 45 күн күтетін. Қазақстаннан ғарыш айлағын жалға алып отырған ресейліктер пилоттық сапарды ұйымдастырушыларға жеңілдік жасап, рұқсатты 10 күн ішінде берген.

Туристер өздерімен бірге жеке басының куәлігі немесе төлқұжатын алып жүруі керек. Мұражайға, Гагарин үйіне, «Қорқыт-ата» мемориалды кесенесіне баруға рұқсат етілген. Ұшуды тамашалау орны зымыран ұшатын орыннан 4 шақырым қашықта орналасқан.Қауіпсіздік мәселесіне қатысты компания өкілі, адаммен басқарылатын «Союз» зымырандарының денсаулыққа зияны жоқ екендігіне сендірді, ал жүк тасымалдаушы «Протон» зымырандары ұшқанда улы заттар бөледі. Алайда мұндай ғарыш кемелері ұшқан кезде туристердің келуіне тыйым салынған.


XS
SM
MD
LG