Ссылки доступа

Президенттің зайыбын Тәжікстан «әйелдерінің көшбасшысы» ретінде жариялағысы келеді


Абдулло Мухаккик есімді дін істері жөніндегі сарапшы Тәжікстан президентінің әйелі Азизамо Рахмонованы "ислам әйелдерінің көшбасшысы" деп атауды ұсынды.

Қаңтардың 19-да бұл ұсынысты «Ховар» мемлекеттік ақпарат агенттігі таратты.

Абдулло Мухаккик президент Эмомали Рахмонның әйелін қасиетті Айша анаға теңейді. Оның сөзінше, ел президентінің зайыбы Орталық Азиядағы нәзік жандылардың арасында бірінші боп Қағбаға кіріп, сонда намаз оқыған. Осыған орай, ол құрмет белгісі ретінде Азизамо Рахмонованы "ислам әйелдерінің көшбасшысы" деп жариялауды ұсынады.

Ел көзіне көріне бермейтін Азизамо Рахмонова 2014 жылдың жазында күйеуімен бірге Малайзияға барған сапарында ұлттық киім және орамалмен шыққан еді. Бірінші ледидің бұл қадамын құптағандар сонымен бірге, елдегі орамал тартқан өзге әйелдермен күрес жүріп жатқанына таңданып қалған болатын.

Бұл ұсыныстың алдында ғана, желтоқсан айында президент Эмомали Рахмон арнайы заңға қол қою арқылы, өзіне «ұлт көшбасшысы» деген мәртебе тағайындаған еді. Бұл мәртебе оны билік басында істеген істері үшін жауапқа тартудан босатады және ол биліктен кеткеннің өзінде оның ықпалын сақтап қалады.

Эмомали Рахмон мен енді оның әйеліне де осындай мәртебе берілуіне қарсылар мұны Тәжікстанда жеке басқа табынушылықты орнатудың кезекті қадамы ретінде санайды.

XS
SM
MD
LG