Ссылки доступа

«Газпром» Қырғызстан алдындағы барлық міндеттерін орындауға уәде берді


«Газпром Қырғызстан» компаниясы Қырғызстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісімнің барлық міндеттемелерін біртіндеп орындап жатыр. Осылай деп компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Ондағы мәлімет бойынша, инвестициялық бағдарламаға сәйкес, 2015-2017 жылдары аралығында 45 миллиард сом қаржы бөліну керек. Оның ішінде «Қырғызгаз» ААҚ-ның 54 миллион доллардан асатын қарызын төлеу де кіреді.

Алдын хабарлағандай, 2016 жылдың басында «Газпром Қырғызстан» «ҚазТрансГаз» АҚ-ның 41,6 миллион доллар қарызын жапты. Сонымен бірге «Қырғызгаздың» мемлекеттік бюджет пен халықаралық ұйымдар алдындағы 900 миллион сом берешегін өтеген.

Баспасөз мәлімдемесінде жазылғандай, «Газпром Қырғызстан» газбен қамтамасыз ету жөніндегі бас жоспарға сәйкес, елді газбен жабдықтауды 62 пайызға көбейтіп және 400 жергілікті елдімекенге газ жеткізуді міндет етіп отыр.

Еске сала кетейік, ресейлік «Газпром» 2014 жылдың сәуір айында Қырғызстанның ұлттық «Қырғызгаз» компаниясын барлық қарыздарымен қоса 1 долларға сатып алған.

«Газпром» басшылығы болса, өз кезегінде Қырғызстанның газ инфрақұрылымына инвестиция жасап, заманауи талаптарға сәйкестендіруді міндеттеріне алып отыр.

XS
SM
MD
LG