Ссылки доступа

Сотталған белсенді Серікжан Мәмбеталин кешірім сұрады


Бүгін алауыздық айыбымен сотталған азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің айыбын мойындаған өтініші Алматы қалалық аппеляциялық  коллегиясына тапсырылады. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар Қызметіне оның адвокаты Ермұрат Мұқанов хабарлады.

Бұған дейін, жақында «алауыздық туғызды» деген айыппен екі жылға сотталған Серікжан Мәмбеталиннің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жұма күні белсендінің «айыбын мойындағаны» және «ісіне өкінетіні» туралы мәлімдемесі шықты.

Биылғы жылдың қаңтарындағы сот барысында айыптаулармен келіспеген Серікжан Мәмбеталин енді көзқарасын қайта қарағанын айтып отыр және қоғамнан өзінің жазасын жеңілдетіп, түрмеден шығуына көмектесуін сұрайды.

Мәмбеталиннің қолы қойылған мәлімдемеде: «Мен қателіктерімді толық мойындаймын және адами түсіністік пен аяушылықтың ғана маған кешірім алуыма көмектесе алатынын түсінемін. Мен өзіме ащы әрі жағымсыз сабақ алдым. Және ол өзгелерге де үлгі болады», —делінген.

Серікжан Мәмбеталинмен бірге бұл іс бойынша үш жылға сотталған азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев та отыр. Екі белсендіге Facebook әлеуметтік желісінде «қазақ халқының намысын қорлайтын» «Ветер с улицы» кітабынан үзінді жариялағаны үшін айып тағылды. Өз кезегінде олар бұл үзінділерді интернеттен көшіріп басқандарын айтады. «Ветер с улицы» кітабының авторы Мұрат Телібеков жарық көрген шығармасында ондай мәтіннің жоқтығын мәлімдеді.

Мәмбеталин өзінің мәлімдемесінде әрі қарай: «мәселем оң шешілген жағдайда, мен барлық жауапкершілікті терең сезіне отырып, отбасыма, балаларым мен ата-анама қарау үшін қоғамдық-саяси істерден бас тартатынымды және кететінімді мәлімдеймін», — делінеді.

XS
SM
MD
LG