Ссылки доступа

Өзбекстан арналары Сирияға кеткен азаматтардың ата-аналарына тергеусіз сот жөнінде хабар көрсете бастаған


Өзбекстанның мемлекеттік арналары Сирияға соғысуға кеткен балалардың ата-аналарына тергеусіз сот жүргізгені жөнінде хабар таратты.

Куәгерлердің айтуынша, эфирде Әндіжан, Бұхар және Сурхандария облысының Сирияға кеткен тұрғындарының ата-аналарына тергеусіз сот ұйымдастырған.

«Біздің қасиетті жерімізде отбасылық құндылық ғасырлар бойы сақталып келді. Өзінің балаларының болашағын ойламаған ата-аналарды ешқашан кешірмеген. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар өздерінің балаларын отанының сатқыны ретінде тәрбиелеген»,- деп айтылған Өзбекстан телеарналарында көрсетілген хабарда.

Онда Сирияға аттанған азаматтардың халық алдында бастарын төмен түсіріп, жылап тұрған ата-аналарды көрсетеді. Осыдан кейін жергілікті тұрғындар оларды балағаттайды.

Жызақ облысының тұрғыны Очил Мирзаевтың сөзінше, ол тұратын ауылда Сирияға жихадқа кеткендер жоқ. Бірақ соған қарамастан, балаларына мұқият болуы тапсыратын жиналыстар күнде болады дейді.

– Біздің ауылда газ, жарық та жоқ. Бірақ биліктің тапсырмасы бойынша, түрлі жиналыстар болады. Мен өзім біз тұратын көшенің ақсақалы боламын. Тұрғындарға үгіт жұмыстарын күнделікті жүргіземіз, - дейді Очил Мирзаев.

Еске сала кетейік, таяуда БАҚ Өзбекстанның Кашкадария облысының 53 жастағы тұрғыны Шаходат Бахадырованың қайғылы өлімі жайында жариялаған еді.

Әртүрлі мәліметтер бойынша, Сирияда Өзбекстанның бес жүзден үш мыңға жуық азаматы «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының қатарында соғысып жүр. Олардың көбі әлеуметтік желілер арқылы арбалған делінеді.

XS
SM
MD
LG