Ссылки доступа

АҚШ Сириядағы оппозиция шептерін шабуылдауды тоқтатуға шақырды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри ресейлік билікке Сириядағы оппозиция нысандарын соққыға алуды тоқтатудың қажеттігін ескертті.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен телефон арқылы сөйлескен Керри, қоршаудағы қалалар мен ауылдардың тұрғындарына гуманитарлық көмекті жеткізу мақсатында қабылданған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары Сириядағы атысты шұғыл тоқтатуға шақыратынын еске салды.

Керри донор-мемлекеттердің Лондондағы конференциясына қатысты. 70-ке жуық елдің басшысы азамат соғысынан титықтаған сириялықтарға көмек ретінде 9 миллиард долларды жинап беруді ақылдасуда.

Ресей СІМ 4 ақпанда телефон арқылы әңгімелескен Лавров пен Керри сириялық тараптар арасындағы келіссөздердің іркіліп қалғанына өкініш білдіргені туралы хабарлады. Мәскеу қос дипломаттың қоршаудағы аудандарға көмек жеткізу үшін, Сирия үкіметі мен оппозиция тарапынан бірдей шұғыл қадамдар жасалуы тиістігін мақұлдағандарын мәлімдеді. Министрлер сонымен бірге, 11 ақпанда Мюнхенде Сирияны қолдайтын Халықаралық топтың кездесуін өткізу туралы уағдаласқан.

Бұған дейін мемлекеттік департамент өкілі Джон Кирби ресейлік ұшақтардың көтерілісшілердің шептерімен қоса, Сирияға гуманитарлық көмек жеткізілетін жолдарды бомбалауын, БҰҰ өкілі Стефан де Мистураны сәрсенбі күні конференция жұмысына «үзіліс» жариялауға мәжбүр еткен жайттардың бірі ретінде атаған еді.

Мәскеу Сириядағы ресейлік әскери операцияның мақсаты – ел үкіметіне радикалды топтардың содырларына қарсы тұруына көмектесу деуден танбай келеді.

XS
SM
MD
LG