Ссылки доступа

Өзбекстанда халық арасында «Гитлер» аталып кеткен әкім ауысты


Ташкент облысының әкімі Ахмаджон Усманов халық депутаттары Кеңесінің кезектен тыс жиынында қызметінен босатылды.

Депутаттар президент Ислам Каримовтың Усмановты облыс әкімі қызметінен босау туралы ұсынысын бірауыздан қолдады.

Самарқанд тумасы Ахмаджон Усманов ІІМ милиция генерал-майоры шеніндегі кадрлық офицері боп табылады. Әндіжан оқиғаларынан кейін Әндіжан облысының әкімдігін басқарды. Тұрғындар оны қатігез адам ретінде сипаттайды. Олардың айтуынша, Усманов басқарған кезде адамдарды қамау бұрын-соңды болмаған көлемде етек алған. Uzmetronom интернет басылымының жазуынша, осындай қылығы үшін Усмановты халық «Гитлер» атап кеткен.

Ташкент облысының әкімі болғанда да, ол тұрғындарға қаталдығымен көзге түсті. Uzmetronom елдің бәрін тұқыртуға үйреніп қалған Усмановтың Кибрай ауданының бір тұрғынын шешесінен балағаттағаны туралы оқиғаны жазады. Әкім күтпеген жерден жауап естіп қана қоймай, арты төбелеске де ұласқан ...

Усмановтың әкімдіктен кеткенінің құрметіне қойды құрбандыққа шалып, той жасаған Ташкент облысының фермерлері «Озоди» радиосына: «Ол елдің бәріне «сен» деп әкіреңдейтін, тіпті сексендегі фермерлерді де балағаттайтын. Адамдарға құл есебінде қарады, сондықтан адамдар оған наразы еді. Оның билігінен құтқарған Құдайға мың алғыс айтамыз», -деп ағынан жарылған.

Ташкент облыстық халық депутаттарының Кеңесі Ислам Каримовтың ұсынысымен бұған дейін Зангиата облысын басқарған Содик Абдуллаевты Ташкент облысы әкімінің міндетін атқарушы етіп тағайындады.

XS
SM
MD
LG