Ссылки доступа

Донор елдер Сирияға көмек ретінде 10 миллиард доллар жинады


Лондонда өткен донор елдердің конференциясында Сирияға көмек ретінде 10 миллиард доллардан астам қаражат жиналды.

Бұл жөнінде Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл қаражат Таяу Шығыс елдеріне жұмыс орнын ашуға және балаларды оқытуға жіберіледі.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун халықаралық қауымдастық ешқашан дәл осылай бір күнде 10 миллиард доллар жинаған емес дейді.

Биылдың өзінде Сирияға көмектесу үшін алты миллиард доллар бөлінуі тиіс. Қалған қаржы 2020 жылға дейін берілмек. Ұлыбритания билігі Сирияға 1,75 миллиард доллар бөлетін болды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри өз елі қосымша 900 миллион доллар қаржылай көмек беретінін жариялады. АҚШ-тың Сирияға беретін көмегінің жалпы көлемі осымен 5,1 миллиард долларға жетеді. Берлин 2018 жылға дейін сириялық босқындарға көмекке 2,5 миллиард доллар бөлетінін мәлімдеді.

БҰҰ дерегі бойынша, 2011 жылы басталған Сириядағы азаматтық соғыстан 250 мыңнан астам адам қаза тауып, миллиондаған адам көрші елдерге босып кеткен.

XS
SM
MD
LG