Ссылки доступа

Журналисті «есірткі» үшін соттауда


Алматының Бостандық аудандық сотында бүгін оппозициялық Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлованың соты басталды.

Оған Қылмыстық кодекстің 296 бабының екінші тармағы бойынша (есірткі, психотропты заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, сату мақсатынсыз алып жүру) айып тағылған. Юлия Козлова істің саяси астары бар деп санайды.

Есірткіні былтырғы жылдың желтоқсанында журналистің үйін иесі жоқта тінткен полиция қызметкерлері тапқан-мыс. Тергеу материалдарына сәйкес, тінту Nakanune.kz. сайтында жалған мәліметтерге сүйенген материалдардың жариялануына байланысты қозғалған қылмыстық іс негізінде жүргізілген.

Бүгін судья Людмила Бектемірова Юлия Козлованың қорғаушысының сот барысына БАҚ өкілдерінің қатысуын сұраған өтінішін жартылай қанағаттандырды. Журналистерге сотта аудио және бейнеджазба түсіруге рұқсат етілгенімен, суретке түсіруге тыйым салды. Прокурор Марат Нұсқабаев айыптауды оқып берді. Судья тыңдаулар ретін анықтады. Алдымен куәлар, сосын сотталушы сұралады, одан әрі іс материалдары тексеріледі, соңында қорғаушы тараптың куәлары сұралады. Бүгін істегі екі куә сотқа келмей қалды. Судья 15 ақпанға белгіленген келесі сот отырысына куәларды алып келуді талап етті.

XS
SM
MD
LG