Ссылки доступа

Мәскеуде Михаил Касьяновқа шабуыл жасалды


Мәскеуде ПАРНАС халық еркіндігі партиясының жетекшісі Михаил Касьяновқа шабуыл жасалды. Ол қатты зардап шеккен жоқ.

Партияның баспасөз қызметі шабуылдың сейсенбі күні, кешкі 21.30-да, қала орталығындағы мейманханалардың бірінде болғанын хабарлады. Касьяновтың жанына келген екі адам айғай салып және қоқан-лоқы сөздер айтып, оның бетіне торт лақытырп кеткен. Осыдан соң өздерімен жүрген 15 адаммен бірге төрт көлікке отырып, қашып кеткен.

Қытай-қала ауданындағы полиция бөлімшесінде Касьянов өмірі мен қауіпсіздігіне сес көрсеткені үшін, шабуыл жасағандарды жауапқа тарту туралы шағым жазды.

Бұл оқиға туралы алғашқылардың бірі боп, ПАРНАС жастар қанатының жетекшісі Михаил Конев хабарлады. Ол Свобода радиосына бір топ шешеннің шабуыл жасамақ болғанын, «күзетшілердің олардың бетін тойтарғанын» айтқан. Конев Твиттерде: «Шабуыл жасағандардың қарасы кемінде 20 адам болды», - деп жазды. Ол оқиғаны саяси арандатушылық деп бағалайды.

Шабуыл жасағандардың шешен тілінде сөйлегені туралы ПАРНАСтың белсендісі Наталья Пелевина да Твиттерде жазған.

​Жақында ​Михаил Касьянов пен «Ашық Ресейдің» үйлестірушісі Владимир Кара-Мурзаның кішісі өздерін оптикалық нысанаға алған бейнежазбаны Инстаграмда жариялаған Шешенстан басшысы Разан Қадыровқа қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп, федералды қауіпсіздік қызметіне шағым жазған болатын. Оппозиционерлер бұл видеоны «тікелей кісі өлтіруге шақыру» деп атады.

Инстаграм кейінірек жазбаны өшіріп тастады. Алайда оппозиция өкілдерін «халық жаулары» санайтын Қадыров, сенбі күні әлеуметтік желіде оптикалық көздегіші бар мерген мылтығын ұстап түскен суретін жариялады. Суреттің астына «Түсінбегендер енді түсінеді» деген сөз жазып қалдырған.Тура осындай жазба өшірілген видеода да болған еді.

XS
SM
MD
LG