Ссылки доступа

Юлия Козлованың сотында куәгерлер сұралды


Алматының Бостандық аудандық сотында оппозициялық Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлованың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша екінші сот отырысы өтті.

Бүгінгі сот отырысында айыптау жағынан бір куәгер, қорғау тарапынан бірнеше куәгер сұралды. Ең әуелі айыптау жағы Сапаржан Сапарғалиұлы есімді куәгерді әкелді. Бұл – Юлия Козлованың үйін тінтіген кезде айғақ беруші ретінде көшеден шақырылған екі адамның бірі. Екінші куәгер Дәурен Дабылов сотқа шақырылғанмен келмеген болып шықты. Козловаға қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлімі бойынша ("есірткі, психотроптық заттарды заңсыз әзірлеу, өңдеу, сатып алу, сақтау, сату мақсатынсыз тасымалдау") айып тағылған.

Адвокат куәгердің полицей формасын киіп, пистолет ұстап түскен екінші айғақтың суретін көрсетіп, оның ішкі істер академиясында оқитынын анықтағанын айтты. Егер сот барысында екінші айғақ Дәурен Дабыловтың ішкі істер академиясында оқитыны расталса, онда оның айғақ ретінде тартылуы заңсыз болып табылады.

Юлия Козлова куәгердің айтқандарымен келіспейтінін, тінту барысында екі айғақтың тәуелсіз бақылаушы ретінде көрінбегенін, "тергеушілерге көмектесіп отырғандарын" айтты.

Келесі сот отырысы ақпанның 18-і Бостандық аудандық сотында түскі сағат 15.30-ға белгіленді.

XS
SM
MD
LG