Ссылки доступа

Гузяль Байдалинованың пәтеріне тыйым салынды


Алмалы аудандық соты бүгін Nakanune.kz оппозициялық сайтының меншік иесі және редакторы Гузяль Байдалинованың пәтері мен өзге мүлкіне тыйым салды.

Байдалинованың өзі 23 желтоқсаннан бері Алматыдағы тергеу абақтысында отыр.

Судья Қайрат Иманқұлов Байдалинованың пәтері мен оның жалпы сомасы 9 670 теңге және 100 АҚШ доллары болатын қаржысын тұтқындау туралы шешім шығарды. Судья мұндай шешім шығарғанының себебін Байдалиноваға тағылып отырған айыптың «ауыр қылмыс түріне жататынымен», сонымен бірге, «үкімнің азаматтық шағым және өзге де мүліктің тәркілеу бөлігін орындауды қамтамасыз ету» қажеттілігімен түсіндірді.

Сот шешімінде 2014 жылдың 29 сәуірі мен сол жылдың 5 желтоқсаны аралығында Тайыр Қалдыбаевтың Махамбет Әуезов, Рафаэль Балгин, Гузяль Байдалинова және тергеу орындары анықтай алмаған тұлғалармен «алдын-ала келіскен топ» ретінде ақпараттық байланыс желілерін, оның ішінде Nakanune.kz сайтын пайдаланып, Казкоммерцбанк туралы қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудырған жалған ақпарат таратқаны туралы айтылған. Судья Иманқұлов Казкоммерцбанкке келген зиян мөлшері 144 миллион 235 мың 90 теңге деп белгіледі.

Өткен жылдың мамырында Алматы қаласы Медеу аудандық соты Гузяль Байдалиноваға Казкоммерцбанктің шағымы бойынша 20 миллион теңге төлеуді және банк өзінің беделіне «нұқсан келтірді» деп санаған мақаланы сайттан алып тастауды міндеттеген болатын.

Гузяль Байдалинова былтыр 23 желтоқсанда Nakanune.kz. сайтына «тапсырыспен жазылған» мақалаларды ұйымдастырды және дайындады деген күдікпен ұсталды. 26 желтоқсанда сот оның қамаудағы мерзімін екі айға ұзартты.

XS
SM
MD
LG