Ссылки доступа

Нарымбаевты үй қамауына шығарды


Алматыдағы тергеу абақтысында отырған азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев күзетпен үйіне жеткізілді.

Оның жазасы үй қамауына ауыстырылды. Бұған дейін интернетте оның "өкінуі" жарияланған еді.

Ермек Нарымбаевтың тергеу абақтысынан үйіне келгені туралы оның әйелі Зоя Әбілдина хабарлады. Мұны күзет бастығы да растады. Үй қамауындағы Ермек Нарымбаевқа интернетті пайдалануына, журналистермен тілдесуіне тыйым салынған.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев 22 қаңтарда араздық тудырды деген айыппен 3 жылға сотталған. Оның адвокаты Жанар Балғабаева 10 ақпанда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына апелляциялық сотқа дейін оны қамауда ұстау тәртібін өзгерту туралы өтініш берген еді.

11 ақпанда Facebook әлеуметтік желісінде Ермек Нарымбаевтың "өкінген" хаты пайда болған соң, жақтастары оның босатылуын күткен. Нарымбаевпен бірге айыпталып, екі жылға сотталған белсенді Серікжан Мәмбеталин 30 қаңтарда кінәсін мойындап, өкініш білдірген соң, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған еді.

Мәмбеталин мен Нарымбаев "Ветер с улицы" дейтін кітаптан "қазақ халқының абыройын таптаған" үзінділер келтіріп, интернетте бөліскендері үшін жазаланды. Сот кезінде олар бұл айыптауды мойындамады. Кітап авторы Мұрат Телібеков, бұрын жарық көрген кітабында ондай сөздердің жоқтығын мәлімдеді.

Бұған дейін Ермек Нарымбаев апелляциялық сотқа қатысты өз ұстанымын жария еткен болатын. Ол тағылған айыпты мойындамайды, қазақ халқын қорлау туралы ойды жоққа шығарады, тек Серікжан Мәмбеталиннің Facebook бетіндегі мәтінді көшіріп басқанын мойындайды.

XS
SM
MD
LG