Ссылки доступа

"Кабириді отанына қайтарыңдар". Еуроодақ дипмиссиясының алдындағы екінші наразылық (видео)


Душанбедегі Еуропа Одағы өкілдігі мен Түркия елшілігінің алдына жиналған бір топ жас Тәжікстан оппозициясының жетекшісін қайтаруды талап етті.

Жиналғандар түрік билігінен тәжік оппозиционерлеріне саяси баспана бермеуді, оларды ұстап Тәжжікстанға қайтаруды талап етті.

Оның алдында Душанбенің орталығындағы дипмиссия ғимаратының алдында наразылық танытқандар Еуроодақ дипломаттарымен кездесуді талап еткен еді. Жастар бұл жолы «Еуропалық Одақ, сатқындарды отанына қайтар!» деген сынды ұрандар жазылған плакаттармен келді. Кейбірі көшедегі көліктерді тоқтатып, еуропалық дипломаттар сыртқа шығуы үшін көліктерімен дыбыс белгісін беруді талап етті.

«Пешохангони ҷомеа» («қоғам пионерлері») ұйымының жетекшісі Ахмадхуджа Давлатов 23 ақпанда Тәжікстан билігіне қарсы оппозиционерлердің Түркия астанасы, Анкарада наразылық шарасын өткізуге дайындалып жатқанын хабарлады. Сондықтан Еуроодақ дипломаттарымен кездесуден соң, Түркияның Душанбедегі елшілігінің алдында пикет ұйымдастырамыз деді.

Еуропалық дипломаттармен кездесе алмаған белсенділер Анкараға қарсылығын білдіруді жөн деп тапты.

Өздерін "белсенді жастар" деп атайтын бұл топ осыдан екі күн бұрын, Душанбедегі Еуропалық одақ өкілдігінің ғимаратына келіп, елде тыйым салынған Тәжікстанның исламдық өркендеу партиясының жетекшісі Мухиддин Кабириді Тәжікстанға қайтаруды талап еткен болатын.

Жастардың рұқсат етілмеген митингтерін ұйымдастыруға қатысы бар делінетін Тәіжікстан билігі "Тәжікстанның исламдық өркендеу партиясы" мен оның жетекшісі Мухиддин Кабириді былтырғы жылдың қыркүйегінде болған "қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Абдухалим Назарзоданың қарулы бүлігіне" қатысы бар деп айыптайды. Тәжікстанның Жоғарғы соты қыркүйектің 29-да партияны террорлық және экстремистік деп танып, тыйым салған. Алайда партия мен оның жетекшісі Кабири бүліктің өздеріне қарсы қуғындау шарасын жасау үшін сылтау болғанын айтып, барлық айыптауды жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG