Ссылки доступа

Сейітқазы Матаев үйқамаққа шығарылды


Алматы қаласы Медеу аудандық 2-сотының судьясы Анина Байдәулетова Қазақстан журналистер одағының басқарма төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының басшысы Сейітқазы Матаевты үйқамаққа шығаруға үкім етті.

Матаевқа отбасы мүшелері мен адвокатынан өзге адамдармен сөйлесуге тыйым салынған, сондай-ақ оның телефон мен интернетті пайдалануға да құқығы жоқ. Матаевтың тұрғылықты жері күзетіледі. Осылайша судья прокуратураның «Сейітқазы Матаевқа қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішін» қанағаттандырды.

Ал Матаев өзін үйқамаққа шығаруды емес, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберуді сұраған.

"Соттан өзімнің кінәлі емес екенімді дәлелдеуге мүмкіндік беруді сұраймын. Бұл ең алдымен өзім үшін, менің абыройымды сақтап қалу үшін қажет. Мен елден ешқайда кетейін деп отырған жоқпын. Тағылған айыпты толығымен мойындамаймын, сондықтан өзімді қорғауға мүмкіндік берсеңіз. Ал үйқамақта болсам, ондай мүмкіндік болмайды",- деді Сейітқазы Матаев.

Сейітқазы Матаевты коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы қалалық департаменті "бюджет қаржысын жымқырды" және "салық төлеуден жалтарды" деген күдікпен ұстаған. Онымен бірге таңертең департаментке ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі басшысы Әсет Матаев та апарылған. Ол жерде бірер сағат тергеуден соң Әсет Матаев босатылған.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы Матаевтардан мемлекеттік саясатты ақпараттық насихаттау үшін бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деп күдіктенеді. Бірақ Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды және оқиғаны "үкіметтік емес ұйым мен ақпарат құралына қысым жасау әрекеті" деп бағалайды.

"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы мен халықаралық қазақ ПЕН-клубы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Сейітқазы Матаевтың ісіне "жіті назар аударуға" шақырған. "Әділ сөз" ұйымы Қазақстан бас прокуратасын Матаевтардың ісін тергеудің барынша әділ және шынайы жүргізуді қамтамасыз етуге шақырған.

XS
SM
MD
LG