Ссылки доступа

Тәжікстан ХВҚ-нан 500 млн доллар қарыз алғысы келеді


Тәжікстанның Халықаралық валюта қорымен көмек бағдарламасы аясында 500 млн АҚШ доллар көлемінде ақша алу туралы келіссөз жүргізіп жатқанын Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары мәлім етті.

Financial Times басылымына берген сұхбатында Джамолиддин Нуралиев 500 млн доллар қазіргі жағдайды ескерген негізі бар сома екенін, алайда Тәжікстан үкіметі ХВҚ-на ресми өтінішті әлі жолдамағанын айтты.

Оның айтуынша, Тәжікстан өзге де халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу жағын қарастыруда. Д. Нуралиев желтоқсан айында Азиялық даму банкінің Тәжікстанға 60 млн доллар беруді мақұлдағанын, қазір Дүниежүзілік банкінен 30 млн және Еуразиялық тұрақтандыру қорынан 20 млн доллар алу туралы келіссөздердің жүріп жатқанын айтты.

FT дереккөздері ХВҚ Тәжікстанға валюта айналымын бақылаудан бас тарту, банк саласы мен мемлекеттік компанияларда реформа жүргізу секілді бірқатар талап қоятынын мәлімдеген. Және олар ХВҚ-ның көмек бағдарламасы бойынша беретін қаржысы 500 млн доллардан әлдеқайда төмен болатынына сенімді.

Тәжікстан экономикасы Ресейдегі рецессия әсерінен және еңбек мигранттарынан түсетін ақша аударымының азаюынан үлкен зиян шегіп отыр.

Сомонидың долларға бағамы соңғы бір жылда 31%-ға құлдырады. Дүниежүзілік банкі Тәжікстан халқының табысы 2015 жылы 10 пайызға төмендеп кетті деп бағалайды.

XS
SM
MD
LG