Ссылки доступа

Полковниктің әйелі ИМ содырларына қосылған


Тәжікстан ішкі істер министрлігі баспасөз хатшысының бұрынғы қызметкері және соңғы кезге дейін Тәжікстанның Кеден қызметінің баспасөз хатшысы болған Хумайро Мирова төрт баласымен Сирияға аттанып, "Ислам мемлекеті" террористік ұйымына қосылған.

Сонымен бірге оның қуғында жүрген полковник Гулмурод Халимовтың екінші әйелі болғаны айтылады.

Хумайро Мированың капитан деген әскери атағы болған. Гулмурод Халимов ИМ содырларының қатарына қосылғаннан кейін де, ол Кеден қызметінің баспасөз хатшысы болып жүрген. Құқық қорғау органдары тарапынан оған қатысты ешқандай сұрақ туындамаған.

26 ақпан күні Кеден қызметі Хумайро Мированың сегіз ай бұрын декреттік демалысқа кеткенін, одан кейін одан ешқандай хабар болмағанын мәлімдеді.

Биліктегілер оның дәл қай күні Сирияға кеткені жөнінде нақты ақпаратты білмейтіндіктерін айтады. Бірақ халық арасында оның балаларын алып, Сирияға, Халимовқа кеткені жөнінде сыбыс тараған.

Хумайро Мирова Тәжікстанның ІІМ баспасөз қызметінде 2008 жылдан бастап жұмыс істеген, сол кезде ерекше тағайындалған милияция отрядында жұмыс істейтін Гулмурод Халимовпен танысқан. Оған екінші әйелі ретінде күйеуге шыққан.

​Өткен жылдың маусым айында Тәжікстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі ақпарат көзі Гулмурод Халимовтың жақын екі серігімен бірге Сирияға кеткенін хабарлаған. Онда жоғары лауазымды офицер Сирияға Түркия арқылы өткен жылдың сәуір айында аттанғаны айтылады.

Тәжікстанның Бас прокуратурасы Халимовқа қарсы қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған. Халимов тәжік, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген, АҚШ пен Ресейдің террорға қатысты жаттығуларынан өткен.

Ол интернет арқылы жариялаған бейнетаспасында "Ислам мемлекет" тобының құрамына қосылғанын, Тәжікстанға "жиһад" болып оралатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG