Ссылки доступа

Тәжікстанда имамдарды театрға апару науқаны жүріп жатыр


Тәжікстанның Дін істері және дәстүрді реттеу комитетінің бастамасымен әртүрлі аймақтардың имам-хатибтері театрға барып, "Құпия және оны ашу" деген қойылымды тамашалады.

Аталған мекеменің баспасөз хатшысы Афшин Мукимов Озодиға (Азаттықтың тәжік қызметі) берген сұхбатында діни адамдар да қоғамның бір бөлігі, олар да рухани азық алулары керек дейді. Оның сөзінше, имамдар үшін Лахути атындағы драма театрға бару тегін.

Қойылым жас жігіттің өмірі жайында. Ол Ресейден еңбек миграциясынан қиындықпен оралып, ауылының қызына үйленгісі келеді. Автор жігіттің үйленуіне оның туыстары мен дін өкілдерінің қалай араласқанын көрсетеді. Әкесі ұлының үйлену тойы үшін барлық дүние-мүлкін сатады. Ал имамдар бұл тойдан өздерінің пайдасын көреді. Нәтижесінже жас жігіт үлкен қиындыққа тап болады.

Қойылымды көрген дін қызметшілерінің бірі спектакльдің идеасы жақсы болғанын, бірақ сахнадағы киінген киімдері өрескел деп баға берді.

Алайда Дін істері және дәстүрді реттеу жөніндегі комитеттің өкілдері мұндай қойылымдар имамдардың дүниетанымын кеңейтеді деп есептейді.

Тәжікстанда 3 мыңға жуық имам- хатиб бар деп есептелінеді. Тәжік билігі соңғы жылдары оларға ерекше көңіл болып отыр.

XS
SM
MD
LG