Ссылки доступа

Қазақ балуандары бір-біріне қол көтермеді


Қазақстанның әлеуметтік желілерінде 5 наурызда Шанхай маңында өткен екі қазақ балуанының ережесіз жекпе-жекте бір-бірімен күресуден бас тартқанын белсенді түрде талқылауда.

Youtube'қа салынған видеода көрсетілгендей, WBK'ның ережесіз күрес түрі бойынша Қытайда өткен халықаралық турнирдегі ақтық сайыста екі қазақ азаматы шаршы алаңға шыққан. Олардың бірі қазақстандық Айбек Нұрсейіт, екіншісі Қытайдың этникалық қазағы Ғабит Тұрғанбек. Қарсыластар 5 минөт бойында бір-біріне айтарлықтай соққы бермей, шаршы алаңды айналып жүреді. Осыдан кейін төреші екі қазақ спортшысына қызыл карточка көрсетеді. Бұл сайыстың болмағанын білдіреді.

Әлеуметтік желі қолданушылары екіге бөлінеді. Бірі, олардың сайыста қарсыласпағанын қолдаса, өзгелері сайыстың аты сайыс, олар дұрыс істемеді деп айыптайды.

Айбек Нұрсейіт Қазақстанға оралғаннан кейін, "Біз Ғабит екеуміз бір-бірімізді бұрыннан жақсы танимыз. Алматыда бірге жаттыққан едік. Бірақ сайыстың алдында бір-бірімізге соққы бермейміз деген, алдын-ала келісім болмады. Шаршы алаңға шыққаннан кейін, мен оның маған қол көтере алмай тұрғанын байқадым. Мен де соққы бермедім. Біз қытайлық көрермендердің алдында екі қазақ бір-бірлеріміздің мұрнымызды қан қылып төбелескіміз келмеді. Қанша ақша бермесе де, біз қазақ екенімізді көрсеткіміз келді. Кейін біз Ғабитпен дастархан басында кездестік, бір-біріміздің қолымызды қыстық", деп түсіндірді.

Еске сала кетейік, аталған сайыста арнайы чемпиондық атақ пен үлкен көлемдегі сыйақы тағайындалған болатын. Бірақ сыйақыны ешкім алмады. Турнирді ұйымдастырушылар қытайлық спортшы Ғабит Түрғанбекке қатысты жақын арада шешім шығармақшы. Келесі ережесіз күрес биылғы жылдың мамыр айында Талдықорғанда өтеді. WBK президенті енді бұл жолы Айбека Нұрсейітке қарсы қазақ спортшысын қоймаймыз деп уәде берді.

XS
SM
MD
LG