Ссылки доступа

Vimpelcom өзбек дауына байланысты атауын өзгертеді


Амстердамда орналасқан Vimpelcom Ltd. телекоммуникация операторы биылғы жылдың аяғына қарай атауын өзгертпек. Әзірге компанияның жаңа атауы белгісіз, ресейлік «Ведомости» басылымының хабарлауынша, компания Өзбекстандағы жемқорлық дауымен танылған ескі атаудан құтылғысы келеді.

Өткен айда VimpelCom Ltd. Өзбекстанда бизнес жүргізуге қажет рұқсат алу үшін Ташкенттегі "ықпалды тұлғаға" пара бергенін ресми түрде мойындады.

АҚШ әділет департаменті VimpelCom Ltd.мен оның Өзбекстандағы Unitel еншілес кәсіпорны 2006-2012 жылдар аралығында бұл елдегі ықпалды адамдарға жалпы сомасы 114 миллион доллар болатын пара бергенін хабарлады.

Бұған дейін компания Өзбекстандағы жемқорлық әрекеттерін мойындап, АҚШ пен Нидерландының құзырлы орындарына 795 миллион доллар көлемінде айыппұл төлеуге дайын екенін мәлімдеген еді. Былтыр Өзбекстандағы даудан кейін Норвегия полициясы VimpelCom Ltd. бұрынғы басшысын тұтқындады. Өзбекстандағы «ықпалды тұлғаға» осы елде істейтін ресейлік МТС және швед-фин бірлескен TeliaSonera байланыс операторларының да пара бергені мәлім болды.

АҚШ әділет министрлігі Өзбекстандағы ықпалды тұлғаның Швейцария, Бельгия, Люксембург және Ирландиядағы есепшоттарында жатқан 850 миллион долларын тәркілеу туралы сотқа шағым берген. Банктердегі бұл есепшоттардың иесі Өзбекстан президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова деген мәлімет бар.


XS
SM
MD
LG