Ссылки доступа

Астанада партиялардың сайлауалды дебаты өтіп жатыр


Астанадағы «Қазмедиа» орталығында кезектен тыс парламент мәжілісі сайлауына қатысатын саяси партиялардың сайлауалды дебаты өтуде.

"Азаттық тілшісінің хабарлауынша, БАҚ өкілдері дебатты мониторлар қойылған бөлмеден тамашалап отыр.

Пікірталасқа 6 партияның өкілдері қатысуда. Президенттік «Нұр Отан» партиясы атынан партия төрағасының орынбасары Асқар Мырзахметов, «Ақ жолдан» - оның төрағасы Азат Перуашев, «Ауыл» партиясы атынан оның жетекшісі Әли Бектаев, «Бірлік» партиясынан депутаттыққа үміткер Роза Қуанышбаева, Коммунистік халықтық партия атынан бұрынғы депутат Владислав Косарев жарыссөзге түседі. Өзін оппозициялық санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан депутаттыққа үміткер Зәуреш Батталова келді.

Дебат үш бөлімнен тұрады.Алғашқыда оған қатысушылар әлемдік экономикалық дағдарысқа қатысты пікірлерін білдірулері керек. Екінші бөлім сұрақ-жауапқа арналады. Үшінші бөлігі Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тақырыбын қамтиды. Пікірталасқа қатысушылар тақырыптан ауытқыған жағдайда микрофондарын өшіріп тастайды.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы теледебатты 16 наурызда «Хабар» мемлекеттік телеарнасынан көрсетілетінін хабарлаған.

Қазақстан парламенті мәжілісінің кезектен тыс сайлауы алдағы жексенбіде өтеді.

XS
SM
MD
LG