Ссылки доступа

Сот бүгін Савченкоға қатысты жазалау шараларын айқындайды


Ростов облысының Донецк қалалық соты украиналық ұшқыш, 2014 жылы ресейлік екі журналисті өлтірді деп айыпталып отырған Надежда Савченкоға қатысты жазалау шараларын айқындайды.

Алдын прокурор Савченкоға 23 жыл түрме жазасын сұраған. Оның өзі барлық айыптарды мойындамайды. Адвокаттарының сөзінше, Савченко үкімге шағымдануға ниетті емес. Ол егер өзін Украинаға қайтармаса, құрғақ аштықты қайтадан бастайтынын жариялаған.

Кеше сот алқасының төрағасы оған тағылған айыптардың бәрін оқыды. Үкімнің айыптау қорытындысында куәгерлердің барлық жауабы, тергеудің сараптама қорытындылары енген.

"Адвокат Николай Полозовтың сөздерінше, үкімде қорғау тарабының сараптамалық материалының тек екі парақшасы ғана жарияланған. Соған қарап, Надежда Савченкоға айыптау үкімі жарияланатыны түсінікті", -деп хабарлайды Азаттық радиосының (орыс қызметі) тілшісі.

Донецкіде Савченконы қолдауға арналған акцияны ешкім өткізбеді. Себебі, оны қолдаушыларды Ресейге жібермеді. Сонымен бірге Украинаның Жоғарғы рада депутаттарын да Ресейге кіргізбеді.

Еуроодақтың Мәскеудегі өкілі украин ұшқышын тез арада босатуды талап етті. Еуропарламент депутаты Ребекка Хармс сотты "сталин дәуіріндегі кезеңмен" салыстырды және Еуроодақты Савченконы босату үшін барлық дипломатиялық мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.

XS
SM
MD
LG