Ссылки доступа

Порошенко ЕО мен АҚШ-тан "Савченко-Сенцов" санкциялық тізімін қолдауды сұрады


Украина президенті Надежда Савченко, Олег Сенцов және Александр Кольченкоға қарсы заңсыз әрекеттерге қатысы бар адамдарға қарсы санкция қолдану туралы жарлыққа қол қойды. Бұл тізімде 84 адамның аты-жөні бар.

Украина президенті Петр Порошенко Ресейдегі украин саяси тұтқындарына қарсы заңсыз әрекеттерге барған адамдарға қолданылатын «Савченко - Сенцов тізімі» санкциялық шараларына АҚШ пен Еуропалық Одақтың қосылуларын сұрады. Бұл туралы украин жетекшісі Вашингтонда АҚШ Конгрессіндегі баяндамасында айтқан.

Порошенко кем дегенде 11 украин азаматының Ресейде саяси тұтқын ретінде отырғанын мәлімдеді. Ресей түрмелеріндегі украин азаматтарының ішінде Надежда Савченко секілді кейбірінің жағдайы нашарлап кеткен, «бірақ әлі күнге халықаралық дәрігерлерді кіргізбей отырған Мәскеу үшін бұл жағдайлар түкке тұрмайды», - деді Порошенко.

Украин әскери қызметшісі Надежда Савченко 2014 жылы Луганск түбінде қаза тапқан екі ресейлк журналистің өліміне кінәлі деген айыппен 22 жылға сотталды. Украин режиссері Олег Сенцов пен қырымдық белсенді Александр Кольченконы Ресей соты терроризм үшін айыптап 20 және 10 жылға бас бостандықтарынан айырды.

Бұл азаматтардың ешқайсы Ресей таққан кінәларды мойындамады. Бірқатар халықаралық құқық қорғаушы ұйым оларды "саяси тұтқындар" деп таниды.

XS
SM
MD
LG