Ссылки доступа

ЕҚЫҰ-ның Минск тобы Таулы Қарабақтағы жағдайды талқылайды


Бүгін Венада ЕҚЫҰ Минск тобының "үштігінің" (Ресей, Франция және Құрама Штаттар) қатысуымен Қарабақ аймағындағы қақтығысты реттеу мәселесі талқыланады.

Бұл жөнінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри телефон арқылы сөйлесу барысында келіскен. Лавров пен Керри тез арада әскер қақтығыстың тоқтатылуы қажеттігін атап өткен.

БҰҰ-ның хабарлауынша, Таулы Қарабақтағы жанжалда кем дегенде 33 адам қайтыс болып, 200-ден аса адам жараланған. Қаза тапқандардың отызы әскери қызметкер, үшеуі бейбіт тұрғын.

Дүйсенбі күні өзін-өзі жариялаған Таулы-Қарабақ республикасының баспасөз хатшысы Артак Бегларян армян еріктілері мінген автобусқа әзербайжандық ұшқышсыз ұшақтың шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ақпаратқа сәйкес, жеті адам қаза тапқан.

Таулы Қарабақ аймағында әскери қақтығыстар жалғасып жатыр. Екі тарап та атыс тоқтатылмаса, жаппай соғысқа дайын екендіктерін мәлімдеуде.

Таулы Қарабақтағы жағдай сенбіге қараған түні ушықты. Жексенбі күні 3 сәуірде Әзербайжан әскери әрекеттерін тоқтатқандығы жөнінде мәлімдеген. Алайда Армения Бакудың мәлімдемесін "ақпараттық тұзақ" деп атады.

XS
SM
MD
LG