Ссылки доступа

Назарбаевтың немересі де офшордан табылды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 31 жастағы немересінің қымбат яхтасы мен Кипрдегі есепшоты жария болды. Нұрәли Әлиев офшор арқылы ақша жасыру туралы "Панама-гейт" бойынша Орталық Азиядан есімі аталған жалғыз адам.

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу Орталығының (OCCRP) бірнеше басылыммен бірлесіп жасаған әшкерелеу ісінде Назарбаевтың 31 жастағы немересі әрі "ықтимал ізбасарының" Британдық Виргиния аралдарындағы кем дегенде екі компанияға қатысы бары белгілі болды.

Құжат бойынша, Нұрәли Әлиев офшорларға алғаш 2008 жылы компания тіркеген. Бұл оқиға оның әкесі, Рахат Әлиев қазақ билігіне жақпай қалған соң болған. Сол кезде болашақ мультимиллионер Британдық Виргиния аралдарында тіркелген Baltimore Alliance Inc. компаниясының акцияларын иемденеді. Сол жылы осы компания Британдық Виргиния аралдарында тіркелген Mossack Fonseca компаниясы арқылы ұзындығы 23 метр болатын Nomad яхтасын сатып алады. Құжаттарда оның бағасы көрсетілмеген. Алайда зерттеу авторлары мұндай кеменің нарықтағы құны 1,8 миллион долларға жуық екенін айтады.

Журналистер тапқан Әлиевтің екінші офшорлық компаниясы – Alba International Holdings Ltd. Кипрдегі банк есепшоттарын жүргізумен айналысады. 2014 жылдан бері компанияны Invigorate Group басқарады.

2013 жылы қазақстандық Forbes тізімінде 27 жастағы Нұрәли Әлиев Қазақстанның 50 бай адамының ішінде 32-ші орында болған.

XS
SM
MD
LG