Ссылки доступа

Омбудсмен оппозициялық саясаткерлер отырған түрмеге барды


Қырғызстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Кубат Оторбаев өткен аптаның соңында Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің түрмесіне барып, ондағы сотталушылардың жағдайымен танысты. Бұл жөнінде Омбудсмен институты хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, омбудсмен бұрынғы президент әкімшілігінің басшылары Данияр Нарынбаев пен Каныбек Жороев, экс-баспрокурор Нурлан Турсункулов, үкімет аппаратының бұрынғы бөлім басшысы Алтынбек Муралиев, "Альфа-Телеком" ААҚ бас директорының бұрынғы кеңесшісі Алмазбек Абеков, Жалал-Абад облысының бұрынғы губернаторы Бектур Асанов, ІІМ басшысының орынбасары Кубанычбек Кадыров, қоғам қайраткері Эрнест Карыбеков, Жогорку Кенештің экс- депутаты Максат Кунакунов отырған абақтыға барған.

Омбудсменмен кездесу кезінде Бектур Асанов пен Кубанычбек Кадыров өздеріне тағылған айыптарды мойындамайтынын, ешқашан халықты билікті күштеп тартып алуға шақырмағанын, кейбір БАҚ-та таралған аудиожазбалардағы дауыстар өздеріне тиесілі емес екенін мәлімдеді.

Парламенттің бұрынғы депутаты Максат Кунакунов та террористерге қатысы бар деген өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын жеткізген. Ол 2015 жылдың жазында "Манас" әуежайында террористік ұйымдарға қатысы бар деген айыппен ұсталған болатын.

"Сотталушылар түрмедегі жағдайларына шағымданбады. Оларға қарсы зорлық-зомбылық қолданылмаған", - деп хабарлайды Омбудсмен институты.

XS
SM
MD
LG