Ссылки доступа

Тәжік билігі ИМ-нің эмиссары "Анасқа" іздеу салады


Тәжікстан билігі Нурек қаласы, Туткавул ауданының 26 жастағы тұрғыны, "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының тәжік эмиссары, "Анас" лақап атымен танымал Анушервон Азимовқа іздеу салады.

Мәскеуде тұратын Тәжікстан азаматы Анушервон Азимов соңғы екі жыл бойында жастарды "Ислам мемлекетінің" қатарына тартумен айналысып келген. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол Таяу Шығыстаға соғысқа жүзден астам тәжік жастарын ИМ қатарында соғысуға жіберген. Тәжікстанның құқық қорғау құрылымындағы дереккөз 11 сәуірде Сириядан оралған тәжіктердің 40 пайызы өздерін Мәскеуде "Анас" деген жас тәжік жігітінің "арбап", көндіргенін айтқан.

"Анас" жөнінде ақпарат құқық қорғау органдарына жарты жыл бұрын түскен. Онда ол Мәскеуде жүрген. Бірақ іздеу салысымен ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. "Ол бір үлгі бойынша жұмыс істеген. Ол жастардың "миын улап" көндіргеннен кейін, оларға Ресейден Түркияға ұшаққа билет сатып алып берген, интернет арқылы Сирия шекарасына дейін жол сілтеп отырған. Ал қазір ол қайда жүр, ешкім білмейді", - дейді Тәжікстанның құқық қорғау органдарындағы дереккөз.

Нуректегі дін істері жөніндегі комитеттің өкілі Алимахмад Гуломов Анушервон Азимовтің іс-әрекеті белгілі болғаннан кейін, қала тұрғындарына ескерту жасалды дейді. Ресми мәлімет бойынша, Ресейде 1 миллионға жуық тәжік азаматы еңбек миграциясы бойынша тұрып жатыр. Таяу Шығыста "Ислам мемлекеті" құрамында соғысып жүрген мыңнан астам тәжік азаматының дені бастапқыда Ресейге жұмыс істеп барғандар.

XS
SM
MD
LG