Ссылки доступа

Қаламмен оқушысының көзін шығарған мұғалім сотталды


Мұғалімнің кесірінен көрмей қалған оқушының ата-анасы әлі күнге баласын мектепке жіберуге қорқады. Арал ауданы Қамыстыбас ауылындағы мектептің оқушысы Айбек Сарыбаевтың көзі 2015 жылдың 12 қарашасында ұстазы Қуаныш Аманованың қаламы тигеннен көрмей қалған.

№ 21 орта мектептің оқушысы Айбек Сарыбаевтың айтуынша, оқиға соңғы сабақта болған. «Мен сабаққа жақсы дайындалып келдім. Алтыншы сыныптың бірінші тоқсанында менің бейнелеу сабағынан "төртім" болды. Артымда отырған қыз: «Байғұс-ай, бейнелеуден «төртің» бар», - деді. «Мен неге байғұспын?» — деп сұрап, артыма бұрылдым. Мұғалім маған артыма бұрылмауымды ескертті. Мен кері бұрылғанымда, ол қолындағы қаламын маған лақтырды», — дейді Айбек.

Қалам сол көзіне тигенде, одан жып-жылы бірдеңе аққан. Әрі қарай Айбек: «Мен көзімнен бірдеңе ақты дегенімде, ол тыныш отырмасам екінші көзімді шығаратынын айтты. көзім көрмей қалса да, ешкімге ештеңе айтпадым. Ертесіне мектепке келіп мұны мұғалімге айтқанымда ол мән тіпті мән бермеді», — дейді.

Дәрігер балаға көздің жүйке жүйесі өліп қалған деген диагноз қойған, Айбектің өзі «көзінің қарашығы шығып кетті» деп ойлайды.

2016 жылдың қаңтарында Арал аудандық соты Қуаныш Амановаға 1 миллион 585 мың 600 теңге айыппұл салып, бес жылға ұстаздық құқығынан айырды және балалармен жұмыс істеуіне тыйым салды. Мектеп директоры мұғалімге жапа шеккен тарапқа өтемақы есебінде 1 миллион 500 мың теңге төлеу және 72 мың теңге көлемінде материалдық залалды өтеу міндеттелгенін айтты.

XS
SM
MD
LG