Ссылки доступа

АҚШ Сириядағы бітімнің жиі бұзылып жатқанына алаңдайды


Құрама Штаттар ресми Дамаск пен сириялық оппозиция өкілдерінің Женевада басталатын бейбіт келіссөздерінің қарсаңында Сириядағы зорлық-зомбылық деңгейінің өскеніне және бітім туралы келісімнің жиі бұзыла бастағанына алаңдап отыр.

Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Марк Тонер оқ атуды тоқтату туралы келісімнің бұзылғанына басты кінәлі ретінде Сирия әскерін айыптады. Ресей СІМ Сергей Лавровпен телефон арқылы сөйлескен мемлекеттік хатшы Джон Керри АҚШ-тың осыған қатысты алаңдаушылығын айтқан. Керри келіссөздерге санаулы күндер қалған уақытта Ресейдің "оқ атуды тоқтату талабын қолдайтынына" көзін жеткізгісі келген.

АҚШ сириялық әскердің қаланы басып алу мақсатында оппозиция қолындағы Алеппо қаласының іргесіне күштерін шоғырландырып жатқаны туралы хабарларға алаңдап отыр. "Егер олар бітімге келген оппозиция күштеріне шабуыл бастаса бұл оқ ату туралы келісімнің бұзылғанын білдіреді ", - деді мемлекеттік департамент өкілі.

Сонымен бірге Дамасктің саяси келіссөздердегі Сириядағы билікті ауыстыруды көздейтін шарттармен келісетініне үлкен күмән туып отыр. The Wall Street Journal басылымы бейсенбіде басталатын Женевадағы келіссөздерге ресми Дамаск өкілдері Башар Асадтың билігін сақтап қалуды көздейтін ұсыныспен келетінін хабарлады. Газеттің мәліметінше, Сирия билігі өтпелі кезең нәтижесінде Асадтың биліктен кету ұсынысын емеурінінімен қолдаған Кремльдің қысымына бой бергісі келмейді.

XS
SM
MD
LG