Ссылки доступа

Тәжіктер мен қырғыздар шекара маңының картасын «түзетуде»


Тәжікстан мен Қырғызстан үкіметтерінің жұмыс тобы екі ел арасындағы бірқатар даулы шекара бөліктеріне қатысты келісімге келді және оларды арнайы топографиялық картаға белгіледі.

Душанбеде қос елдің өкілдері ортақ шекараны демаркациялау мәселесін талқылады. Тәжікстан жерге орналастыру және геодезия Комитеті төрағасының бірінші орынбасары Азизмахмад Каримзоданың айтуынша, жұмыс тобы шекараның келісілген бөліктерін біртіндеп арнайы топографиялық картаға түсіріп жатыр.

«Қырғызстан мен Тәжікстанның бұл мәселеге қатысты өз пікірі бар. Сондықтан осындай талқылаулар шекара сызығын картада нақты көрсетуге себін тигізеді. Әзірге іс жалғасып жатыр және жақын уақытта жұмыс тобы тағы кездеседі», - деді Каримзода.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 971 шақырымдық шекараның едәуір бөлігі әлі келісілмеген. Әзірге тек 520 шақырымдық аумақ демаркацияланды. Осының салдарынан екі елдің шекара маңындағы тұрғындарының арасында су мен жер пайдалануға байланысты келіспеушіліктер туып жатады.

Тараптар Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың мамыр айындағы Душанбеге жасайтын ресми сапарына үлкен үміт артуда. Сапар барысында екі елдің шекара мәселелеріне қатысты мақұлданған келісімге қол қойылмақ.

Екі көрші елдің арасындағы шекара бөліктерінің күні бүгінге дейін белгіленбеуінің өз себебі бар. Қырғызстан шекара белгілеуде 1958 жылғы картаны басшылыққа алуды қалайды, ал Тәжікстан 1924-1927 жылдардағы құжаттар мен карталар бойынша белгілеуді талап етеді.

XS
SM
MD
LG