Ссылки доступа

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қырғызстанды "шетелдік тыңшылар" туралы заң жобасынан бас тартуға шақырды


Мұндай үндеуді Қырғызстан үкіметі мен парламентіне адам құқықтары үшін Халықаралық федерациясы мен азаптауға қарсы Халықаралық ұйым жолдады.

Қос халықаралық ұйым заң жобасының жаңа нұсқасында Қырғызстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін шектейтін талаптардың барлығына назар аударады.

Халықаралық адам құқықтары үшін федерациясының презденті Карим Лахджи: «Жаңа заң ережелері үкіметтік емес ұйымдарды ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіндердің қатарына қосып жібереді. Бұл қоғамда үкіметтік емес ұйымдарға сенімсіздік пен жау ретінде қарауды тудырады. БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Кеңесінің мүшесі ретінде Қырғызстан азаматтық қоғамның қызметіне жақсы жағдай жасау арқылы адам құқықтарын қорғау ісіне адал екенін көрсетуі керек», — дейді.

Азаптауларға қарсы Халықаралық ұйымның бас хатшысы Джеральд Стейброк қос бірдей құқық қорғаушы ұйымның атынан қырғыз парламентін жаңа заң жобасын қабылдамауға және үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты құқықтық шектеулерді алып тастауға шақырды.

Шетелдік тыңшылар туралы заң жобасы парламентке 2014 жылдың мамырында ұсынылған. Заң жобасы билік институтының шешімдеріне ықпал ету арқылы олардың саясатын өзгертуді көздейтін ұйымдарды шетелдік тыңшылар деп таниды.

XS
SM
MD
LG