Ссылки доступа

Қырымда Радио Свобода тілшісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды


Федералды қауіпсіздік қызметі Ресей аумағының тұтастығын бұзуға шақырды деген айыппен іс қозғағаны туралы дерек бар.

Ресей басып алған Қырымның прокуроры Наталья Поклонская "Крым. Реалии" (Азаттық радиосы/Азат Еуропа корпорациясының украин қызметіне қарасты аймақтық өкілдігі) интернет басылымының тілшісін Ресей Федерациясы аумағының біртұтастығын бұзуға шақырғаны үшін қылмыстық жауапқа тартты. Бұл туралы Поклонская ТАСС агенттігіне хабарлады.

Прокурор журналистің есімін атамады. Бұл айып бойынша ресейлік заң бабында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Қырым журналисі Олег Крючков "Фейсбуктегі" парақшасында әріптесі Николай Семенаның үйінде 19 сәуірде тінту болғанын жазды. Семенаның мақалалары Қырымды блокадаға алған украин белсенділері тақырыбына арналған. Николай Семена бұған дейін Киевте шығатын «День» және «Зеркало недели», сонымен бірге ресейлік «Известия» газеттерімен жұмыс істеген. Қазір ол зейнет демалысында.

"Крым.Реалии" сонымен бірге Леньяр Абибулаев пен Руслан Люманов есімді екі журналистің үйінде де тінту болғанын хабарлады.

"Ресей аумағының біртұтастығын бұзуға жария түрде шақырғандары үшін" Қырымда бұған дейін қырым татарлары Меджлисінің төрағасы, Украина Жоғарғы Радасының депутаты Рефат Чубаров пен Қырым үкіметінің бұрынғы вице-премьері, түбекке қатысты энергоблокаданы ұйымдастырған Ленур Ислямовтың үстінен де қыдлмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG