Ссылки доступа

Freedom House: әлемде сөз еркіндігі тарылып барады


АҚШ-та орналасқан Freedom House құқық қорғау ұйымы бүгін әлемде баспасөз еркіндігі деңгейі соңғы 12 жылдағы ең төменгі көрсеткішке түскенін хабарлады. Ұйым бұған саясаткерлер, қылмыс пен терроризмнің ықпалы тигенін айтады.

Қазақстан ұйым есебінде "баспасөзі еркін емес" елдер қатарында тұр. Бұл тізімде Ресей, Беларусь және Орталық Азияның өзге төрт елі - Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстан да бар. Ұйым биыл Ресей аннексиялап алған Қырымдағы ахуалды да талдап, түбекті я Ресейге, я Украина құрамына қоспай жеке өзін "баспасөзі еркін емес" деп атаған.

Бұрынғы совет республикалары арасында Грузия, Украина және Молдова "баспасөз жартылай еркін елдер" тізімінде тұр.

Freedom House есебінше, баспасөз еркіндігіне ең көп қысым Таяу Шығыс елдері мен Түркияда жасалған. Мұнда үкімет пен түрлі топтар журналистер мен ақпарат құралдарына өз жағына күштеп шығару үшін қысым жасайды.

Freedom House есебінде 2015 жылы кем дегенде 14 журналист қаза тапқан Сирия журналистер үшін ең қауіпті ел болып отырғаны айтылады. Ұйым Түркия территориясында "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырлары өлтірген болуы мүмкін делінген сириялық үш журналист туралы да айтқан.

Түркия үкіметі "төніп тұрған және нақты қауіп-қатерлерді БАҚ-қа шабуылды күшейту мақсатында пайдаланды" делінген есепте.

XS
SM
MD
LG