Ссылки доступа

Өзбекстанда Қазақстандағы толқулар туралы хабарламалар бұғатталды


Asiaterra интернет басылымы Өзбекстанда 29 көкекте Би-Би-си радиосының орыс тілді сайтындағы «Қытайдан қорыққан жұрт көшеге шықты» деген мақаланың ашылмай қалғанын хабарлады.

Мақалада толқулар өте сирек болатын және билік жедел ондайдың алдын алатын Қазақстанда соңғы күндері Атырау, Ақтөбе және Семей қалаларында мыңдаған адамның көшеге шығып наразылық танытқаны туралы жазылған.

Халық 2015 жылдың қарашасында президент бекіткен Жер кодексіне енген өзгертулерге қарсы шықты. Ол бойынша шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді 25 жылға жалға беруге мүмкіндік беріледі. Қазақстан азаматтары жерді жалға беру қытайларға ел аумағын біртіндеп басып алуға мүмкіндік береді деп қауіптенеді.

Өзбекстан билігі посткеңестік елдердегі толқулар, митингтер және төңкерістер туралы интернеттегі барлық ақпаратты үнемі бұғаттап отырады. Бұл өзбекстандықтарды «бұзық» ойларға жетелемеу үшін жасалатын шара.

Ал Өзбекстанның өзіндегі жағдайды сынға алатын немесе тәуелсіз көзқарас тұрғысында жазатын ақпарат құралдарының көпшілігі баяғыдан бері елде ашылмайды. Олардың қатарында Би-Би-Cи мен «Азаттық» («Озодлик») радиоларының өзбек редакциясы да бар.

XS
SM
MD
LG