Ссылки доступа

Армения үкіметі Қарабақтың тәуелсіздігін тану туралы шешім қабылдады


Армения үкіметі өз-өзін жариялаған Таулы Қарабақ Республикасының тәуелсіздігін тану туралы заң жобасын мақұлдады.

"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, оппозициялық фракция өкілдері дайындаған құжат жақын уақытта Армения парламентінің қарауына беріледі. Бұған дейін Ереван келіссөздерге кері әсер етпеуін қалап, Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін танудан бас тартып келген еді.

Халқының басым бөлігі армяндар боп табылатын Таулы Қарабақ 1991 жылы Әзірбайжан құрамынан шығатыны туралы мәлімдеді. Бұл қарулы қақтығысқа ұласып, нәтижесінде Әзірбайжан аймақты уысынан шығарып алды.

Көкек айының басында Қарабақтағы қақтығыс аймағындағы жағдай күрт шиеленісіп кетті. Армения президенті Серж Саргсян Әзірбайжан өз-өзін жариялаған республикаға қарсы әскери шабуылын үдеткен жағдайда Ереван Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін тануға дайын екенін мәлімдеген.

Әзірбайжан СІМ Таулы Қарабақ респбликасының тәуелсіздігін тану туралы заң жобасын арандатушылық деп атап, Арменияны халықаралық құқықтың ережелері мен талаптарын өрескел бұзғаны үшін айыптады. Ресей мемлекеттік думасының ТМД істері жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий Арменияның мұндай заңды қабылдауы қақтығысты ушықтыруға әкеледі деп санайды.

XS
SM
MD
LG