Ссылки доступа

Freedom House Астананы белсенділерді босатуға шақырды


Халықаралық құқық қорғаушы ұйым Қазақстан үкіметін 21 мамырда "жер мәселесіне қатысты" митингке қатысуға ниет білдіргендерді босатуға шақырды.

"Бейбіт шерулерді өткізбеу үшін биліктің белсенділерге қысым жасап, қудалап, айыптаулары Қазақстан үкіметінің өзгеше ойлайтындарға төзімсіз екенін көрсетеді", - деді Freedom House халықаралық ұйымының төтенше көмек көрсету жөніндегі вице-президенті Роберт Херман.

Қазақстан бойынша сейсенбіден бері 12 адам ұсталды. Алматыда кемінде бес белсенді 15 тәулікке қамалды. Оның ішінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да бар. Астанада белсенді Мақсат Ілиясұлы 10 тәулікке абақтыға жабылды. Ол "жер мәселесіне қатысты" Қазақстанның әр қалаларында митингтер өткеннен кейін, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен құрылған жер реформасына қатысты жұмыс комиссиясына қатысқан. Оралда бард және азаматтық белсенді Жанат Есентаев ұсталып, үш тәулікке қамалды. Атырауда сәрсенбіге қараған түні жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды әкімшілік тұтқынға алған.

Әлеуметтік желілердегі белсенді қолданушылар да өздерін полиция мен прокуратура "жер мәселесіне қатысты" тергеуге шақырып жатқандарын жазады.

XS
SM
MD
LG