Ссылки доступа

Полиция Алматы мен Атыраудың орталығын жіті бақылауда


Жер мәселесіне қатысты жалпыұлттық митинг өтуі тиіс болған күннің ертесінде де Атырау мен Алматы қалаларының орталық көшелерін полиция бақылауда ұстап отыр.

Атыраудағы орталық алаң темір кедергілермен қоршалып, тәртіп сақшыларының күзетіне алынған. Алдыңғы күннен саны аз болса да алаңның маңында полиция көліктері мен автобустар тұр.

Бірнеше полиция көлігі мен автобустар таңертең Алматыдағы Фурманов және Желтоқсан көшелерінің қиылысында да тұрды. Полицейлер көліктері алаңға Абай даңғылынан кіретін жолға да қойылған.

21 мамырда Қазақстанның түрлі қаласында ел тұрғындары ауыл шаруашылығы жерлерін сатуды және шетелдіктерге ұзақ жылға жалға беруді көздейтін жер реформасына наразылығын білдіру үшін бейбіт митингке шықпақшы болды. Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Оралда кез келген ірі қалалардағы секілді орталық алаңдар қоршауға алынды. Түске таман ондаған азаматтың , оның ішінде журналистердің ұсталғаны туралы мәлімет түсе бастады. Азаттықтың Астана, Атырау, Алматы, Орал мен Шымкенттегі тоғыз журналисті де ұсталғандар қатарында.

ЕҚЫҰ баспасөз бостандығы жөніндегі Өкілі Дуня Миятович Қазақстан қалаларында наразылық шараларын жариялауға келген журналистерді жаппай ұстау әрекетін айыптады. ІІМ әкімшілік полициясының төрағасы Игорь Лепеха Астанада өткен брифингте журналистердің ұсталғанын түсінбестік деп атады. ІІМ баспасөз қызметі журналистерді ұстауға жол берген полиция қызметкерлерінің жазаланатынын хабарлады.

XS
SM
MD
LG