Ссылки доступа

Кабул тәліптердің көсемінің қаза тапқанын растады


Ауғанның ұлттық қауіпсіздік басқармасы Пәкістанда тәліптердің көсемі Молда Ахтар Мансұрдың қаза тапқанын қуаттады.

Америкалық ұшқышсыз басқарылатын аппарат Мансұр мен тәліп жасағы отырған көлікке әуеден соққы жасаған. Белуджистан провинциясында болған шабуылдан Мансұр мен оның жақтастары қаза тапты.

Тәліптердің дала командирлерінің бірі Молда Абдул Рауф Мансұрдың қаза тапқанын мойындады. Бірақ басқа содырлар бұл хабарды негізсіз деп отыр.

Бұған дейін Пентагон Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында Молда Ахтиар Мансұрды нысанаға алған әуе шабуылы туралы хабарлаған еді. Америкалық барлау көлікте болған Мансұр мен оның жанындағы тәліп қаза табуы мүмкін деген мәлімет таратқан болатын.

Исламабад америкалық әскерилердің шарасын Пәкістанның егемендігіне қол сұғу деп бағалаған. Елдің сыртқы істер министрі пәкістандық премьер Наваз Шарифке әуе шабуылы туралы алдын-ала ескертілмей, тек операция өткен соң хабарлағаны туралы мәлімдеді.

Мансұр "Талибан" қозғалысының рухани көсемі Молда Мұхаммед Омар екі жыл бұрын Карачиде қаза тапқан соң, былтыр шілде айында тәліптерге көсем болған еді.

XS
SM
MD
LG