Ссылки доступа

"Норман төрттігі" Донбассқа ЕҚЫҰ полиция миссиясын жіберуді қолдады


Германия, Ресей, Украина және Франция басшылары "норман форматы" аталатын телефонмен әңгіме барысында Донбасста ЕҚЫҰ полиция миссиясының жұмыс істегенін және осы мәселе бойынша кеңесудің басталғанын қолдады Бұл туралы Украина президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ангела Меркель, Франсуа Олланд, Петр Порошенко және Владимир Путин саяси келісімді жалғастыру үшін оқ атуды толығымен тоқтату және минск келісімдерін ұстану керектігімен келісті.

Порошенко бұл үшін Ресей Украинаның басып алынған аймағынан әскерін толық әкету, ол жаққа қару мен әскер жөнелтуді доғаруы қажеттігін тағы қайталады. Ол сонымен бірге украин-ресей шекарасындағы бақылауды қалпына келтіру мәселесіне баса назар аударды.

Әңгіме барысында Украина президенті Ресейді кепілге алынған барлық украин азаматтарын босатуға, Ресей басып алған Қырымдағы қырым татарларының құқықтарын бұзуды тоқтатуға, және барлық саяси тұтқындарды босатуға шақырды.

Кремльдің баспасөз қызметі Ресей президентінің украин әскерилерін Донбасстағы елді мекендерді атқылауды тоқтатуға шақырғанын мәлімдеді және қақтығысты бейбіт жолмен реттеу үшін Киев тікелей Донецк және Луганскімен тікелей келіссөз жүргізуі қажеттігіне тоқталды.

Әңгіме барысында Луганск пен Доенцк облысындағы бірқатар ауданда жергілікті сайлауларды украин заңдары мен ЕҚЫҰ ережелеріне сай қауіпсіз жағдайда өткізу жағы талқыланды.

"Норман төрттігінің" жетекшілері Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдаймен бірге, Сириядағы ахуалдың кей тұстарын талқылаған.

XS
SM
MD
LG