Ссылки доступа

Умида Ахмедоваға Вацлав Гавел сыйлығы берілді


Норвегия астанасы Ослода өтіп жатқан «Бостандық Форумы» аясында Вацлав Гавел атындағы Халықаралық сыйлықтың иегерлері марапатталды. Сыйлық иегерлерінің арасында Өзбекстанда деректі фильмдер түсірумен айналысатын фотожурналист Умида Ахмедова бар.

«Жасампаз қарсылығы» үшін Вацлав Гавел сыйлығына ие болған Умида Ахмедова 2010 жылы фотосуреттері мен деректі фильмдері арқылы өзбек халқын қорлады деген айыппен үш жылға сотталған, алайда көп уақыт өтпей рақымшылыққа ілінді.

Сыйлық табыстау салтанатында сөйлеген сөзінде, ол күн сайын соңғы 6 жылда пайда болған тоталитаризм алдындағы қорқыныш сезімімен күресуге тура келетінін айтты.

Вацлав Гавел атындағы сыйлыққа биыл ирандық суретші Атена Фархадани және ресейлік белсенді суретші Петр Павленский де ие болды. Фархадани ирандық депутаттарды жануарлардың басымен бейнелеген карикатурасын әлеуметтік желілерге салғаны үшін 12 жылға сотталды. Петр Павленский өзінің саяси перформанстарымен танымал. Былтыр қарашаның аяғында ол Мәскеу қаласында Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметінің есігін өртеген еді. Қазіргі таңда оның үстінен "тарихи ескерткішке зардап келтіргені үшін» қылмыстық іс қозғалған.

Вацлав Гавел атындағы сыйлықтың иегерлеріне 350 мың норвегиялық крон мен мүсіндер табысталады.

XS
SM
MD
LG