Ссылки доступа

Қазақстанда «Бостандық» оппозициялық сыйлығының иегерлері аталды


2016 жылғы оппозициялық сыйлық Nakanune.kz оппозициялық сайтының редакторы Гузяль Байдалиноваға, азаматтық белсенді және бард әнші Жанат Есентаевқа, сонымен бірге журналистерді қорғайтын «Журналистер қауіпте» ұйымының жетекшісі Розлана Таукинаға берілді.

Бұл туралы сыйлықтың ұйымдастыру комитетінің өкілі Игорь Колов мәлімдеді. Сыйлық иегерлерінің есімі ұйымдастыру комитетінің 30 мамырдағы отырысында анықталды.

«Демократияның дамуына және азаматтық қоғам құруға үлес қосқан» жандарға тағайындалатын сыйлықты тапсыру салтанаты бүгінге, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Күні есебінде аталатын 31 мамырға белгіленген. Салтанатты шара бұрынғы НКВД орналасқан, қазір «Ұмай» өнер галереясының ғимаратында өтеді.

«Бостандық» сыйлығының екі иегері қазір қамауда отыр. Nakanune.kz сайтының иесі әрі редакторы Гузяль Байдалинова былтырғы жылдың желтоқсанында тұтқындалды. 23 мамыр күні бірінші сатыдағы сот Байдалинованы жалған ақпар таратты деп айыптап, бір жарым жылға соттады. Байдалинова тағылған айыпты мойындамады.

Оралдық белсенді әрі бард орындаушы Жанат Есентаев 17 мамырдан бері қамауда отыр. Ол екі айға тұтқындалды. Есентаев жер кодексіндегі өзгерістерге байланысты Қазақстанның бірқатар өңірінде 21 мамырда өтеді делінген жаппай қарсылық шараларының қарсаңында ұсталды.

Ақшалай қосымшасы жоқ «Бостандық» сыйлығы 2003 жылдан бері беріліп келеді.

XS
SM
MD
LG